Библиотека

 

КІТАПҚА ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Алаштың рухани астанасы – Семей қаласының жүрегінде, қазақтың тұңғыш білім ордаларының бірі – М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде «Кітап Шаһары – 2025» республикалық кітапханашылар форумы өтті.

Форумның алғашқы күнінде қонақтар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейін және Абай атындағы кітапхананы аралап, ертесі таң бозынан Ұлылар мекені – Жидебайға сапар шекті.

Алғашқы күннің түстен кейінгі бөлігінде, сағат 16:00-де колледж директоры Шағангүл Алдамжарқызының бастамасымен «Ес-Аймақ» рухани орталығында тағылымды кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш – ұлт руханиятына адал қызмет етіп келе жатқан, кітап әлемінің жанашыры, өз ісінің шынайы майталманы Ғазиза Құдайбергенқызының «Кітапханашы күнделігі» атты кітабының тұсаукесері еді.

Таныстырылым дәстүрлі рәсімнен бөлек, кітаптың мазмұнын сахна арқылы сөйлеткен әсерлі кешке айналды. Оған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Абай атындағы кітапхана директоры, ақын Мерей Қарт, Абай облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, ақын Олжас Соғымбай бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кеш барысында «Ес-Аймақ» студенттер театрының режиссері Ислам Азимов қойған сахналық қойылым көрсетілді. Жас актерлердің шынайы ойыны, музыкалық сүйемел және мазмұн үйлесімі көрерменді баурап, кітап пен кітапханашы еңбегін ерекше қырынан танытты. Бұл қойылым кітаптың ғана емес, кітапханашының миссиясын да сахна тілімен жеткізгендей әсер қалдырды.

Кеш соңында сахна төріне автор Ғазиза Құдайбергенқызы көтерілгенде, зал бір сәт үнсіздікке бөленді. Оның жүректен шыққан мына сөзі тыңдарманды терең толғандырды:

«Мен жүрегіне үңілмеген әлі қанша оқырман бар, мен оқымаған қанша кітап бар… Сол үшін де өмір сүру керек шығар. Сіздерге деген зор құрметпен: Ғазиза Құдайбергенқызы».

Бұл – жан тазалығының, кәсіпке адалдықтың, кітапқа деген шексіз сүйіспеншіліктің сөзі еді.

Ғазиза апайдың кітабы – тек кітапханашының күнделігі ғана емес, ол – рухани құндылықтарды дәріптейтін, ел мәдениетіне қызмет ететін тағылымды туынды.

Кітапқа құрмет – Елге құрмет!