Әрбір халықтың тарихы бар болса, жақұттай сол тарихта ерекшеленіп тұратын ұл-қыздарының болуы заңдылық. Олардың бойында еліне деген махаббат, патриоттық сезім, өр рух, кемеңгерлік, парасаттылық, ыстық қайрат лаулап тұрғандай.
Ұлттық рухты ұл-қыздарды еске алатын күн 16 желтоқсан болса, сол ғазиз жандарды жазықсыз жазалаудан жылы жүрегімен, қарулы қаламымен қорғаған жандардың бірегейі – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің училище кезеңіндегі түлегі, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Әзілхан Нұршайықов. Жазушының «Ақиқат пен аңыз» дилогиялық романының басты кейіпкері Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан Момышұлы «Ұлттың ұлағатты ұстазы» мақаласында «Әзілхан Нұршайықов десе ұлт үшін жанған отты жалаңаш қолымен ұстаған, қайтпас, қайсар қаламгер бейнесі ойға оралады. Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеудің «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулысы қабылданғанда Әзілхан Нұршайықов Мәскеуге: «Саяси бюроның шешімі қате. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулының күшін жою керек!», – деп Бас хатшы Горбачевке хат жазды. Ол поштада ұсталатын болғандықтан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменов арқылы Кремльге жеткізілді. Сол үшін Орталықтан бастап, Колбиннен де қысым көрді. Әркімнің қолынан келе бермейтін осы ерлігін – лаулап жанған отты жалаң қолымен ұстағанға теңеймін» -деп жазыпты.
Колледжде Ә.Нұршайықов атындағы кабинетте жұмыс жасайтын студенттердің кіші ғылыми зерттеу орталығының бастамасымен жазушының шығармашылығы зерделеніп, ғылыми жобалар, баяндамалар, мақалалар жазылады, жас зерттеушілер ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады, буклеттер, шағын жинақ кітапшалар, электронды ресурстар жинақтайды. «Әзілхан оқулары» мәнерлеп оқу сайысы, бейнебаян байқаулары өткізіліп тұрады. Ә.Нұршайықов атына көше берілгенде орталық мүшелері белесене қатысты.
Кеше, 14 желтоқсан күні жазушының 100 жылдығына арналып «Әзілхан оқулары» байқауы өтті. Орталық мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шара мақсаты – студенттер арасында ғұмыры шежіреге айналған дара тұлғаның есімін оқу орны тарихымен байланыстыра насихаттау.