Тәрбиелік жұмысХабарландырулар

«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 30 негізі» айлығы аясында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде тәуелсіздікке алғаш жол бастап берген Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы» тақырыбында кездесу өтті.  Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен өткен кездесуге  ШҚО  «JELTOQSAN – 86 » қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазанов Маратбек Айтахметұлы,  Желтоқсан батыры, қоғам белсендісі Рахымжарова Анар Төлегенқызы,  Күршімдегі «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Кенжеханова Роза Манаповна,  10 жыл түрмеде отырған  Желтоқсан құрбаны Камалиев Бекжан Биахметұлы, Желтоқсан оқиғасының батыры Сабира Мұхамеджанованың курстастары Раисова Роза Байсолтановна, Канапина Асель Альмухановна,  Абдрахманова Еркежан Жабаевна, «Желтоқсан» республикалық халықтық-демократиялық қозғалысының Семей қаласындағы филиалының төрайымы Жүрсінбекқызы Эльмира,  «Желтоқсан» республикалық халықтық – демократиялық қозғалысының мүшесі Орақбаев Бақыт Қалиназарұлы келді.

Кездесу қонақтары Желтоқсан оқиғасы кезіндегі естеліктерімен бөлісіп, Желтоқсан оқиғасының туу себептері, Қазақстанның тәуелсіздігін жақындатуға себеп болған, кеңестік қызыл империяның іргесін шайқалтқан жастар толқуы жайлы әңгіме қозғады. Сонымен қатар қазақ халқының басына қасірет әкелген бұл оқиға Тәуелсіздіктің алғышарты болғандығы да айтылды.

Кездесу барысында «Қаламгер» және «Сөз құдіреті» үйірмесінің қатысушылары тақырыпқа сай монолог оқып, домбырашылар күйден шашу шашты. Сонымен бірге Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға алғыс айтылып, Тәуелсіздік тақырыбында әндер шырқалды.