ТәжірибеХабарландырулар
 2023 жылдың 11 мамыры күні Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде 2-3 курс студенттерін «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесіне сапалы даярлау мақсатында «ЖАЗ – 2023» атты онлайн және оффлайн режимінде семинар өткізілді. Семинарды ІІ дәрежелі «Барыс» орденінінің кавалері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ф.ғ.к., колледж директоры Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева ашып, оқу семинарына сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің сайлауалды сөзінде (Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы – «Ел дамуының жаңа бағыты»): «Қолжетімді және сапалы білім беруге ерекше рөл беріледі, ол үшін: шағын қала, аудан орталығы мен ауылдарда кемінде мыңнан астам мектепті заман талабына сай жаңғырту; роботтехника, химия, биология, физика пәндеріне арналған кемінде 7 мың замануи кабинет ашу; балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері секілді кемінде 100 жаңа ірі нысан салу, т.б.» мақсаттарды жүзеге асыру туралы айтқан болатын. Бағдарламаның бір бөлігі – «Балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу» мақсатына сәйкес біздің өңірдің өзінде біршама «Жазғы сауықтыру лагерьлері» жұмыс жасайды.
Оқу орынымыздың студенттері жыл сайын «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесінен Абай облысы өңірлерінің әр типті лагерлері базасында өтіп жүр. Сонымен қатар студенттеріміз Қапшағай қаласы, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығына және Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Балдәурен РОСО» РМҚК лагерлеріне конкурс арқылы іріктеліп жіберіледі. Соңғы екі жыл қатарынан студенттер Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген шатқалы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығында лагерь практикасынан өтуде.
Семинарға Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығының құрылтайшысы, лагерь директоры Кудабаева Мира Ерлановна, Семей қаласының «№36 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қала сыртындағы «Жас қанат» жазғы сауықтыру лагерінің басшысы Мырзабекова Асем Мауткановна, «Кристалл» балалар сауықтыру лагерінің аға тәлімгері – Рыбалов Евгений Евгеньевич, «М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК оқытушысы, п.ғ.м., «Talap» КЕАҚ штаттан тыс тренері, педагог-шебер Алканова Зауре Сабыржановна, «Бастауыш білім беру» бөлімінің меңгерушісі, педагогика пән оқытушысы Жунусова Ляззат Байботаевна спикерлер ретінде болашақ тәлімгерлерге лагерьдің қыр-сыры, түрлері, балалардың уақытын тиімді өткізудің әдіс-тәсілдері жайында мазмұнды баяндамаларын даярлап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығының құрылтайшысы, лагерь директоры Кудабаева Мира Ерлановна оқу орынымызбен әрі қарай да тығыз байланыста жұмыс жасайтынын білдірді, екі жақты Меморандумға келісім жасалып, қол қойылды.
«Абай облысының білім басқармасы» ММ «Облыстық инновациялық –әдістемелік орталығы» КММ, Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Нурашева Элмира Нурашевна да семинарға қатысып, өз пікірін білдірді: «Жалпы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі үнемі «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесіне студенттерді өте сапалы, тыңғылықты дайындықпен жібереді. Дәлелі: жылда өткізілетін облыстық «Тәлімгер-Вожатый-Fest» фестиваліне қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Бүгінгі семинар өздеріңіз көріп отырғандай, өте жоғары деңгейде өтуде. Әр топтың өз эмблемасы, киім үлгісі бар, көрер көзге – өте әдемі. Студенттердің көңіл-күйлері, құлшыныстары бірден көрінеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін» – деп, семинарды ұйымдастырған колледж әкімшілігіне, колледж ұжымына Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің атынан алғысын білдірді.
Семинарға колледждің «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесіне босатылатын жиыны – 430 студент, іс-тәжірибе әдіскерлері, топ жетекшілері, бөлім меңгерушілері, Семей қаласының мектеп жанындағы лагері бар мекемелер, педагогикалық маман даярлап отырған колледждер және қала сыртында орналасқан лагерь өкілдері қатысты.