АЛАШТЫҢ ТҰҢҒЫШ БІЛІМ ОРДАСЫНА – 120 ЖЫЛ
2024 жылдың 23 мамыры күні Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде 2-3 курс студенттерімен «ЖАЗ – 2024» атты жазғы сауықтыру лагері іс-тәжірибесіне даярлық семинары өтті. Семинарға Абай облысы білім басқармасы, Облыстық инновациялық –әдістемелік орталығынан кәсіби ұйымдастырушылық бөлімінің әдіскері Аукишева Мейрамгуль Маулитовна қатысып, жалпы Абай облысы балаларының сауықтыру демалысын, бос уақыты мен жазғы каникул кезеңінде балаларды сауықтыру, соған орай, балалардың демалысы қала маңындағы лагерьлерде, мектеп жанындағы және қосымша білім беру ұйымдарындағы бейіндік алаңдар жұмысын ұйымдастыру бағыттары бойынша баяндама жасады. Сөзінің соңында оқу орынымыз туралы: «Жалпы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі үнемі «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесіне студенттерді өте сапалы, тыңғылықты дайындықпен жібереді, бұл оқу орнының басшысы Жанаева Шағангүл Алдамжарқызының колледжде өтетін әр іс-шараға, білім алушылардың кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөлетіндігінің нәтижесі деп білемін. Бүгінгі семинар өздеріңіз көріп отырғандай, өте жоғары деңгейде өтуде. Әр топтың өз эмблемасы, киім үлгісі бар, көрер көзге – өте әдемі. Студенттердің көңіл-күйлері, құлшыныстары бірден көрінеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» – деп, семинарды ұйымдастырған колледж әкімшілігіне, колледж ұжымына Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің атынан алғысын білдірді».
Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығы директорының орынбасары Ерёмина Марина Евгеньевна қатысып, студенттерге жазғы сауықтыру лагері іс-тәжірибесі өте қызықты кезең, бірақ кездесіп қалатын қиыншылықтар да болады, содан шығу жолдарына тоқталып кетсе, Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығының аға тәлімгері Сәрсехан Дәмелі Құрметқалиқызы өз сөзінде: «Мен де сіздер секілді педагогикалық колледжде оқып жүрген кезімде осы лагерь практикасына «Тау Жанашар» орталығына келдім. Тұйық, көп үндемейтін студенттің бірі болдым. Мені ашқан осы – лагерьдегі жұмыс, бұны жұмыс деп де айтуға болмайды, бұл машықтану деп ойлаймын. Қазіргі уақытта оқу жылы бойы мектепте мұғалім болып жұргенмен, әр өзімнің еңбек демалысымды осы лагерьде өткіземін, лагерьді іздеп тұрамын». Болашақ тәлімгерлерге ештеңеден де қорықпау керектігі, көп ізденіп, креативті, коммуникативті болуға, портфолио қорын көптеген ойын түрлерімен, сценарийлермен толықтыру, т.б. ұсыныстар айтылды.
Семинар барысында «М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК «Педагогика және психология» ПӘК оқытушысы Тұрсынова Аяулым Қанағатқызы «Жазғы сауықтыру лагерінің мақсаты, міндеттері және ұйымдастыру ерекшелігі» тақырыбында болашақ тәлімгерлер ге лагерьдің қыр-сыры, түрлері, балалардың уақытын тиімді өткізудің әдіс-тәсілдері жайында баяндаса, «Педагогика және психология» ПӘК оқытушысы Жунусова Ляззат Байботаевна «Жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастыруда қажетті нормативтік-әдістемелік құжаттар» тақырыбында мазмұнды баяндамасын даярлап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Оқу орынымыздың студенттері жыл сайын «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесінен Абай облысы өңірлерінің әр типті лагерлері базасында өтіп жүр. Сонымен қатар, студенттеріміз Қапшағай қаласы, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығына, Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Балдәурен РОСО» РМҚК лагерлеріне конкурс арқылы іріктеліп жіберіледі. Соңғы үш жыл қатарынан студенттер Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген шатқалы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығында лагерь практикасынан өтуде.
Семинарға колледждің «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесіне босатылатын жиыны – 438 студент-машыққкер, іс-тәжірибе әдіскерлері, топ жетекшілері, бөлім меңгерушілері, Абай облысы білім басқармасы, Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығынан келген кәсіби ұйымдастырушылық бөлімінің өкілдері және үш жыл бойы серіктестікте жұмыс жасап отырған Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығының өкілдері қатысты.
«Жаз – 2024» атты жазғы сауықтыру лагеріне даярлық семинары әлі де жалғасын табады. Алда лагерь практикасына баратын 2-3 курс студенттері үшін Алматы облысы, «Тау-Жанашар» балалардың қарқынды демалу орталығынан келген өкілдерінің көптеген жаңалықтары бар. «Тау-Жанашар» өкілдері жазғы сауықтыру лагеріндегі ойын түрлері және тәлімгерге қажетті инновациялық әдіс-тәсілдермен бөліседі.
2024 жылдың 25 мамырында колледж алаңында салтанатты өткізілетін топ студенттерінің лагерь іс-тәжірибесіне даярлық есебі беріледі. Студенттерімізге «Жазғы сауықтыру лагері» іс-тәжірибесінен сәтті өтулеріне тілектестігімізді білдіреміз! Сәт-сапар!