Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді. «Еңбек күні» мерекесін атап өтудің мақсаты: еңбек өнімділігін ынталандыру, мамандардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару болып табылады.
Осыған орай, 25 қыркүйек – Еңбек күні қарсаңында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде «ЗАМАНАУИ БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМ ДАЯРЛАУДАҒЫ ОҚЫТУШЫ – ӘДІСКЕРДІҢ ЕҢБЕГІ» атты әдіскерлер шеруі ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.
Бұл күн – өзінің табандылығы және қажырлы еңбегімен нәтижеге қол жеткізетін тұлғаларды мақтан тұтып, үлгі етіп, насихаттап, ерекше атап өтуге керемет сәт. Әрине, педагогикалық мамандарды даярлауда білім беру саласында бәсекеге қабілетті, рухани дамыған, шығармашыл педагог болуға даярлап жүрген кәсіби құзіретті маман, ол – педагог-әдіскер.
Бүгінгі іс-шарада барлық мамандықтар бойынша оқытушы-әдіскерлер болашақ мамандарға педагогикалық іс-тәжірибеге қажетті әдістемелік бағыт-бағдар жұмыстарын шеберлікпен өткізді. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі екендігін әдіскерлік тұрғыдан терең меңгертті.
Іс-шараға Абай облысы Білім басқармасы, техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Бласбаев Сейлгазы Кайроллаевич қатысып, құттықтау сөзінде әдіскерлердің жұмыстарына ризашылығын білдірді, колледж әдіскерлеріне Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының Алғыс хаттарын табыстады.
Екінші кезекте ұйымдастырылған іс-шарамыз: практика базасы – «Айналайын» шағын орталығында «Дуалдық жүйе – заман талабы» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді ұйымдастырып өткізген – бала-бақша басшысы Туткышева Айгуль Туляутаевна және сол мекемеде дуалды оқыту жүйесі бойынша оқып жатқан МДТ 21-11 топ студенттері Оразанбаева Ақбота мен Жұмақанова Кәмила. Абай облысы Білім басқармасы, ««Айналайын» шағын орталығы» ЖШС бас директоры Туткышева Айгуль Туляутаевна да өзінің іс-шарадан алған әсерімен бөлісіп, колледж атынан іс-шараға қатысқан серіктестік мекемелер, мектеп, бала-бақшалардан келген өкілдерге Алғыс хаттар табыстады.
Колледж директоры, ф.ғ.к., ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы іс-шараны қорытындылай отырып, келген қонақтарға алғысын білдіріп, барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Ұстаз еңбегі – аса құнды, игілікті әрі өлшеусіз еңбек. «Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашан да сұранысқа ие болады» – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, жаңа формация мұғалімі ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, жан-жақты шебер, тынымсыз еңбекқор, терең қазыналы білімпаз болуы керек.