Семей қаласы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық коледжінің сырттай бөлімінде оқып жатқан студенттеріміз де қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқуын жалғастыруда.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» № 123 бұйрығына сәйкес 2020жылғы 19 мамырда сырттай бөлімдегі «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша білім алып жатқан 113 бітіруші студентnің 22-і «ZOOM» бағдарламасында, 9-ы видеоконференцияда, 2-і Ватсап желісі арқылы, 80 студент электронды тасымалдағышта курс жұмыстарын қорғады. Курс жұмысын қорғау барысында материалды баяндаудың логикалық кезектілігі, зерттеудің тереңдігі және студенттің сұрақты жеткізуде сөйлеу мәдениеті, теориялық білімді меңгеруі, келтірілген аргументтер мен жұмыс нәтижелерінің нақтылығы, жасалған ой-тұжырымның қысқа әрі дәлдігі, қорытындылардың дәлелі, нұсқаулықтардың маңыздылығы бағаланды.
Сырттай бөлім білім алушылары кәсіби мамандануда колледж қабырғасында алған білімдерін, өндірісте жинаған педагогикалық іс-тәжірибемен ұштастыра алғандығын көрсетті.
Қашықтықтан білім алу – уақыт талабы. Уақыт талабына сай сандық технологияны ұтымды пайдалана отырып, үздіксіз білім беру принциптерін ойдағыдай іске асыруға киелі білім ордасы әрқашан дайын.