2 сәуір 2021 жылы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, «Бастауыш білім беру» мамандығында оқитын топ студенттерінің волонтерлік жұмысы туралы Семей қ. білім бөлімі өкілдері және басшысы Н.А.Фесенконың ұйымдастыруымен «Студенттер-мектепке» жобасы аясындағы еріктілік қызметі тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Семинарға ШҚО ББ «ШЫҒЫС» өңірлік орталығы ОО-ның оқыту мазмұны және білім беру сапасы мониторинг әдіскері Айзада Жумақановна Қантаева, Семей қаласы жалпы білім беретін орта мектептер әкімшілігі, бастауыш сынып мұғалімдері, колледж әкімшілігі мен әдіскерлері және волонтер- студенттер қатысты. Алдымен Наталия Анатольевна өз сөзінде қала мектеп оқушыларымен екі жыл бойы нәтижелі волонтерлік жұмыс жасалып келе жатқандығы туралы колледж әкімшілігіне, студенттеріне алғысын білдіріп , волонтер- студенттерге сөз берді.
Колледждің 3-4 студенттері Мәдениятова Аяжан, Жоламанов Нұрсултан, Тусупбаева Ерке, Айтмұқаш Назым сөйледі. Өз сөздерінде, 2019 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының Семей қалалық білім бөлімі және қала мектептерімен келісілген үшжақты мемарандум негізінде «Бастауыш білім беру» мамандығында оқитын студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру мақсатында волонтерлік жұмыстарын жүргізіп келетіндігін көрсетіп, волонтерлік жұмыстың пандемия кезінде де қашықтықтан оқыту барысында сапалы жалғастырылғанын баса айтты.
«№3ЖОББМ» КММ, «№4 ЖОББМ»КММ, «№8ЖОББМ»КММ, «№23ЖОББМ»КММ, «№28 ЖОББМ» КММ, «№29 ЖОББМ»КММ, «№40 ЖОББМ»КММ, «Н.Г.Чернышевский атындағы №1 ЖОББМ»КММ және “Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 мектеп-гимназиясы білім алушылары арасындағы көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бастауыш сынып оқушыларына пәндерден қосымша көмек көрсету мақсатында волонтерлік жұмыс жүргізілді. Бастама колледж әдіскерлері, мектеп мұғалімдері және ата-аналар тарапынан қолдау тауып, қалалық білім бөлімімен келісіле отырып, студенттердің мектептегі практика күндеріне сәйкестендіріле жоспарланды.
2020-2021 оқу жылының қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 66 студент – 66 оқушымен волонтерлік жұмыс жасаса, 2020-2021 оқу жылының 2-і жарты жылдығында 41 студент – 41қала мектептерінің оқушыларымен жұмысын жалғастыруда. Қалған 3-4 курс студенттері ШҚО білім басқармасы 2020-2025 жылдарға арналған «Оқуға құштар мектеп-оқуға құштар ұлт» жобасы аясында аудан, ауыл-аймақ мектептеріне бекітіліп волонтерлік жұмыстарын жұргізуде.
Мысалы колледж студенттері Жақсыбаева Аружан мен Айтжанова Махаббат 4 «а» сынып оқушысы Амангельдинова Іңкәрдің ата-анасымен сұхбаттасу барысында ,анасының үнемі жұмыста болуы себепті баланың сабақ үлгеріміне жеткілікті көңіл бөле алмайтындығы белгілі болды. Іңкәрға үй тапсырмаларын өздігінен орындау қиындық туғызған. Волонтерлар үй тапсырмаларын орындауға көмектесіп, оқушының түсінбеген тақырыптарын түсіндіріп, үй тапсырмасын тексеріп жұмыс жүргізді. Нәтижесінде Іңкәрдің сабақ үлгерімі біршама жақсарды. Жұмыс, сәйкесінше, өз жалғасын тауып жатыр.
Оспанова Аяулымға берілген 3 «б» сынып оқушысы Жуманова Аружанға ағылшын, математика пәндерінен көмек қажет болды. Волонтер өз жұмысын жүйелі атқарып отырды. Берілген тапсырманы бірге орындап, кері байланыс жасады.
Бейсенгалиева Алина мен Слатай Нұрайға бөлінген 2 «а» сынып оқушысы Асуланкызы Асылайға негізгі пәндер, соның ішінде қазақ тілі мен математика пәнінен қосымша көмек қажет болды. Волонтерлар оқушымен байланысқа шығу арқылы жұмыс атқарды. Волонтерлік жұмыс өзінің оң нәтижесін беруде.
Семинар барысында 42 топ студенті Мәдениятова Аяжан өзінің жүргізген волонтерлік жұмысына тоқталып,өз ойын білдірді.
«Мен, Мадениятова Аяжан Асхарқызы білім беру бағытындағы волонтерлік жұмысымды №4 жалпы орта білім беретін мектептің көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан, инклюзивті білім алатын 4 сынып оқушысы Исабекова Арунамен жүргізудемін.2020 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл волонтерлік жұмысым 2 – ші жыл жалғасын тапты. Пандемияға байланысты, қазіргі кезде Арунамен жұмыс ватсап желісі арқылы жүргізіледі. Ата-анасымен байланыс жасалып отырды. Сабақтан тыс адамгершілік қасиеттері мен мәдени мұраны бойына сіңіру үшін қаламыздың көрнекі жерлеріне барып тұрамыз. Мысалы, “Биологиялық орталыққа” және “Абай мұражайына” бардық. Арунамен жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беруде. Арунаның білім сапасы көтеріліп, өз ойын еркін жеткізе алатын, шығармашылыққа жақын тұлға ретінде қалыптасуда. Қызының бойындағы өзгерістерді анасы (Нуркенова Асель) байқап, колледжге өз алғысын білдірді.
Әр студенттің волонтерлық жұмысын тізбектеп отыруға уақыт шектеулі, алайда әрбір осы бағытта жұмыс істеген студент өз жұмысын дәл мендей қорғап, нәжитесін көрсете алады.
Мен бұл волонтерлік жұмыспен айналысқаныма еш өкінбеймін, тек қуанамын. Себебі, волонтерлық жұмыс арқылы мен өзімнің теориялық білімімді шыңдап, үлкен тәжірибе жинақтадым.»
Семинар соңында ШҚО ББ «ШЫҒЫС» өңірлік орталығы ОО-ның оқыту мазмұны және білім беру сапасы мониторинг әдіскері Айзада Жумақановна Қантаева сөз алып, жұмыстың дұрыс бағытқа қойылып жүйелі жұмыстың жүргізілгендігін атап өтіп, Семей қала білім бөлім басшысы Н.А.Фесенкоға, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Ш.А.Жанаеваға, колледждің волонтер-студенттеріне өз алғысын білдірді.
Оқу орнының директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары М.Ш.Тоқтарбек және директордың іс-тәжірибе жөніндегі орынбасары К.А.Искакова қорытынды сөздерінде, волонтерлық жұмысқа оң бағасын берген семинар ұйымдастырушыларына, мектеп мұғалімдеріне өз ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.