Хабарландырулар

М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов, Ш.Айманов, Қ.Қабылбаев, Ә.Сембаев, М.Бөжеев … Осылай тізбектей берсең, бар қазақтың біртуар ұлдары Семейдің педтехникумынан түлеп ұшқан екен-ау деген мақтаныш жүрегіңді кернейді. Ұлтына қызмет етуді өздеріне парыз санаған айтулы азаматтарға бұл оқу орнының тигізген әсері зор екеніне сөз бар ма?!

Ал осы ұстаздардың ұстазы, бар өмірін оқу-ағарту ісіне арнаған Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың орны тым ерекше.

Баянауыл топырағында дүниеге келіп, 1905 жылы Омбы семинариясын бітіргеннен кейін талай мектепте ұстаз тәрбиелеп, 1910-1917 жылдары Керекудегі орыс-қазақ училищесінің директоры болады, сол кездегі ірі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, қазақ жастарының көзін ашуда аянбай қызмет етті.

Ал 1922 жылы салтанатты түрде ашылған Семей педагогикалық техникумының тұңғыш директоры  болу бақытына ие болу-кездейсоқтық емес, ол ерен еңбектің, бай тәжірибенің, мол білімнің арқасы.

Осындай ұлы тұлғаның еліне танылып, еңбектері насихатталып, атының өшпеуіне ат салысып жүрген азаматтар-ұлтын сүйген, ұстазын құрметтеген нағыз адал жүректі патриоттар.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болып жүргенде-ақ әбікейтану саласының дамуына үлес қосқан, бүгінде ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлының бастамасымен 2002 жылы Павлодар педагогикалық институтының алдына ескерткіші қойылса, 2019 жылы ұстаз қызмет еткен бұрынғы екі кластық орыс-қазақ училищесінің ғимаратына ескерткіш тақтасы орнатылды.

Биыл Әбәкей Зейінұлының туғанына 140 жыл толуына орай бұл игі істер жалғасын табуда. Осындай ұлы істің, тарихи сәттің куәсі болу бақытын тағдыр  бізге де бұйыртқан екен.

7 шілде күні Семей қаласында Әбікей Сәтбаев директор болған, қазірде республиканың алдыңғы қатарлы колледждерінің бірегейі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде Әбікей Зейінұлының ескерткіш тақтасы ашылды.

Жас ұстаздарға Алтынбек Нұхұлының ұлт ұстазы туралы тарихи деректер мен озық ойлары, жүректен шыққан әсерлі әңгімесі нағыз тарихи, мағыналы дәріс іспетті болды.

Ал парасты мол, білімдар азаматтың осы оқу орнына деген құрметі, расымен де, көпшілікті тәнті етті. Қасиетті қара шаңырақтың әр түкпірін аялап, көзінің қарашығындай сақтап, әр аудитория, әр баспалдаққа тарихи жәдігер ретінде қарауды шәкірттерінің санасына сіңіріп жүрген ұлы ұстаздардың жалғасы, ардақты басшы Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваға тағылған медаль осы оқу орнына деген құрмет деп білеміз.

Сондай-ақ колледждің ардагер ұстазы Бағила Сайлаубаеваға, ғалым-ұстаз, білікті басшы Бауыржан Ердембековке, танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке, жас ақын Мерей Қартқа көрсетілген құрмет бүкіл Семей топырағына, осы топырақтан шыққан ұстаздармен Алаш ардақтыларына деген тағзым деп қабылдадық.

Шын мәніндегі рухани жаңғырудың куәсіндей осындай игі істер ұлтымыздың тарихына алтын әріптермен жазылады.