Әдістемелік қызметТәрбиелік жұмыс

07.10.2022 ж. күні М.О. Әуезовтің 125 жылдығына арналған республикалық «ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІ» атты танымдық-шығармашылық фестиваль «Шыңғыстау – тағзым етер нұр тұрағым» атты ұлылар еліне сапарнамамен жалғасты. Шаған Манапұлы Жұмақсановтың демеушілігімен өткен сапарнамаға арнайы бағдарлама жасалды.

Сапарнама барысында фестиваль қонақтары Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне танымдық-панорамалық шолу жасап, «Шыңғыстау: М.О.Әуезов шығармаларының ізімен» тақырыбындағы аспан астындағы театрды тамашалады.

Семей қаласынан Абай еліне дейін 60 шақырымдай, Арқалық тауынан асатын тұста «Күшікбай асуында» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі қайғылы оқиға өткен. «Дене тәрбиесі және өнер» бөлімінің студенттері (бөлім меңгерушісі Сентаева А.Б.) осы жерде Күшікбай батыр туралы мәлімет бере отырып, аталған шығармадан үзінді қойылым көрсетті.

Ары қарай Бөрілідегі М.О.Әуезовтің мұражай-үйіне саяхат жасалды.

Абайдың дүниеге келген жері Сырт Қасқабұлақта «Мектепке дейінгі тәрбие және филология» бөлімінің талантты студенттері (бөлім меңгерушісі Комаева М.С.) өз жүректерін жарып шыққан ұлы жазушыға арнаған арнау өлеңдерін ортаға салды.

Тарихи «Еңлік-Кебек» ескерткіші алдында «Шет тілі» бөлімі студенттері (бөлім меңгерушісі Нурпеисова Е.Б.) ескерткіш тарихы туралы әңгімелеп, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» шығармасынан қойылым көрсетті.

Сапар барысында қонақтар Құнанбай әулеті жерленген Ақшоқыдағы қорымға ат басын бұрып, Құнанбай қажы әулетіне құран бағыштап, Құнанбай музейін тамашалады.

Абайдың Әйгеріммен алғаш кездескен Шілікті кезеңінде «Бастауыш білім беру» бөлімі білімалушылары (бөлім меңгерушісі Жунусова Л.Б.) «Абай жолы» романынан Абай мен Әйгерімнің алғаш кездескен сәтінен көрініс қойды.

Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінің амфитеатрында «Музыка және көркем еңбек» ПӘК «Айман-Шолпан» жырынан үзінді көрсетті.

Сапар соңы Қарауыл селосында «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің концертімен аяқталды.

Фестиваль қонақтарының М.О.Әуезов атындағы колледждің басшысы ф.ғ.к. Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваның ұйымдастыруымен, басшылығымен жоғары дәрежеде републикалық деңгейде өткен, еліміздің 18 аймағынан 59 қатысушыны қамтыған ауқымды, кең форматты іс-шарадан алған үлкен рухани және эстетикалық әсерінде шек болмады. Барлық қатысушылар алған әсерін асқан ризашылықпен жарыса білдіруде.