2019 жылдың 22 ақпаны қасиетті қара шыңырақ үшін тарихи күн, танымдық сәт.Оқу орнында Халықаралық Түркі Академиясымен бірлескен “Тағзым” атты шара өтті. Шара оқу орнының семинария тұсындағы түлегі, аса көрнекті түркітанушы ғалым, көне түркі және қазіргі түркі тілдерінің білгір маманы, ф.ғ.д., профессор, түркологтардың Кеңестік Комитетінің мүшесі, Түркия Республикасы Түрік Тіл құрылымының мүшесі Əмір Нəжіптің 120 жылдық мерейтойына арналды. Колледжде Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Қыдырəлі Дархан Қуандықұлының бастамасымен бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылының тумасы, Семей мұғалімдер семинариясының түлегі, ғалым Əмір Нəжіптің атында оқу дəрісханасы,оқу орнының ауласындағы “Даңқ” аллеясында мемориалдық тақтасы ашылды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға Түркі Академиясының арнайы шақыруымен ғалымның қызы, шығыстанушы- ғалым, т.ғ.к., Наджип Эльмира Эмировна Мәскеуден келіп, қатысты. Сонымен қатар, академик Ғарифолла Есім, ф.ғ.д., Тұрсын Жұртбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Несіпбек Айтов пен Тыныштықбек Əбдікəкімов, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.
Оқу орнының семинария тұсындағы түлегі, аса көрнекті түркітанушы ғалым Əмір Нəжіптің колледж қабырғасына мемориалдық тақтасы орнатылып, оқу дəрісханасына аты берілді.
Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қуандықұлының бастамасымен ұйымдастырылып отырған шарада əлемдік түркология ғылымы үшін құнды саналатын ғалымның “XIV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі “Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде” атты 4 томдық еңбегінің тұсаукесу рәсімі өтті. Тұңғыш рет басылып, жарияланып отырған көптомдық Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен жарық көрген. Академия тарапынан оқу орнына ғалымның еңбектерімен қоса ұлттық тарихымыз бен əдебиетімізге қатысты кітаптар сыйға тартылды.
115 жылдық тарихы бар Алаштың білім ордасының тарихын зерттеудегі еңбегі үшін Халықаралық Түркі Академиясының Президенті, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ Басқарма Төрағасы, т.ғ.докторы., ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Қыдырəлі Дархан Қуандықұлы М.О.Əуезов медалімен марапатталды.