Тәрбиелік жұмысХабарландырулар

9 қыркүйек 2020 жыл Семей қаласы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде КСРО Халық ағарту ісінің үздігі,   Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері,  «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Семей қаласының Құрметті азаматы,  Алаштың оқу ордасы М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжін 25 жыл басқарған Бекбаев Асылхан Табылдыұлына ескерткіш тақта орнатылып, атаулы шәкіртақы   табысталды.

Салтанатты жиын А.Табылдыұлының ұрпақтары,  оқу орнының ардагер ұстаздары, шәкіртақы иегерлері мен колледж әкімшілігінің қатысуымен өтті.   А.Табылдыұлынның көзін көріп, мектебінен өткен ардагер ұстаздарымыз тақтаны ашып, ұстаздың өнегелі өмірі жайлы естеліктер айтты.  А.Табылдыұлының немерелері  Асыл мен Майя Бекбаевтар  жылына бір рет берілетін 300 000 теңге көлемінде арнайы шәкіртақы сертификаттарын табыстады. Шәкіртақы тағайындау ережесіне сай 4-курс студенттері арасынан оқудағы үздік үлгерімі мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан студенттер арасынан  «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі», «Шетел тілі пәнінің мұғалімі»,  «Бастауыш сынып  мұғалімі» біліктіліктерінен  Есіркеп Дәурен, Қасенова Айжан Русланқызы  Мадениятова Аяжан Асхарқызы атаулы шәкіртақы иегерлері атанды.

Асылхан Табылдыұлы Бекбаев – М.О.Əуезов атындағы педагогикалық колледж тарихында ерекше орны бар тұлға. Білім берудің бастауыш буындарына да кадрларды институттарда дайындау туралы негізсіз қаулыға сəйкес 1958 жылдары еліміздегі педучилищелер тұтастай жабылып, 5 жылдан кейін қайтара ашылды. 1963 жылы қайта ашылған Семей педучилищесінің директорлық қызметіне Асылхан Табылдыұлы Бекбаев тағайындалады. А.Т.Бекбаев бұл қызметті 1987 жылға дейін атқарды. 25 жылдай атқарған директорлық қызметінде Асылхан Бекбаев оқу орнына М.Əуезовтің есімін беру, училище ауласына семинарист Мұхтар Əуезовтің бюстін орнату, тарихи ғимаратқа жалғас жаңа корпусты тұрғызу, жатақхана салғызу сынды ірі қайраткерлік еңбегімен ел есінде сақталады.

Бүгінгі күні оқу орнында Асылхан Бекбаев атындағы атаулы кабинет жұмыс жасап, оқу орны мұражайының көлемді бөлігі ұлағатты ұстаз, білікті басшы Асылхан Бекбаевтың қызметіне арналған.

117 жылдық тарихы бар білім ордасын 25 жылдай басқарған Асылхан Бекбаевтың өнегелі өмірі мен педагогикадық қызметі оқу орнының тарихына арналған “Алаштың білім ордасы” атты 2 томдық кітабымызда да кеңінен қамтылған.

Өзінің өнегелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Асылхан Табылдыұлының отансүйгіштік, адамгершілік, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі болып келе жатқан бүкіл өмір жолы – ұрпаққа тәлім мен тағлымға толы сабақ.