Алаштың тұңғыш білім ордасының 120 жылдық мерейтойына орай «Наурыз аруы-2023» байқауы өтті. Биылғы жылы отызыншы рет өткізіліп отырған «Наурыз аруы» байқауына сымбаты мен сәні, өнері мен шеберлігі келіскен 6 ару қатысты.
Алты кезеңнен тұратын байқау барысында арулар өздерін таныстыруда креативті көзқарастарын таныта білді. Екінші кезеңде колледж тарихы, колледжде білім алған тұлғалар жайлы сұрақтарға тоыслмай жауап беріп, үшінші кезеңде бірі мың бұрала би билесе, енді бірі шырқап ән салып, өнерелерін ортаға салды. Келесі кезекте аруларымыз қазақтың әйгілі актері, режиссер Ш.Айманов кинофильмдеріндегі арулардың образдарын сомдады. Бесінші кезеңде өз қолдарымен жасаған қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынса, соңғы кезеңде кешкі сән үлгісін көрсетті.
Байқауға «Абай облысы Семей қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Д.Абайқызы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Х.С.Молдабаев, журналист, “Хабар” агенттігінің Абай облысы бойынша меншікті тілшісі А.Қасым, Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының беделді актрисасы С.Н.Түлековалар төрелік етті.
Колледж директоры, «Наурыз аруы» байқауының авторы Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы «Наурыз аруы» байқауының тарихына тоқталып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша «Филилогия және мектепке дейінгі білім беру» бөлімінің аруы Асқарбекова Мақпал «Инабатты ару», «Шет тілі» бөлімінің аруы Базарбаева Дильназ «Өнерлі ару» номинациясымен, «Бастауыш білім беру» бөлімінің аруы Досахметова Жасмин «Білімді ару», «Шет тілі» бөлімінің аруы Мырзаханова Сабина «Сымбатты ару», «Шет тілі» бөлімінің аруы Керимханова Камилла «Көрікті ару» номинацияларымен марапатталды.
Отызыншы, мерейлі «Наурыз ару» байқауында «Бастауыш білім беру» бөлімінің аруы Тлеуғажы Нұрай жеңімпаз атанып, «Наурыз аруы – 2023» титулын және тәжін иеленді. Арулар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, Студенттік Парламенттің ұйымдастыруымен, қала бойынша әртүрлі сұлулық салондарының демеушілігімен, сертификаттар тапсырылды.
Байқау барысында «Спорт және өнер» бөлімінің 38, 45, 47 топ студенттері өнер көрсетіп, кештің көрігін қыздыра түсті.