Тәрбиелік жұмыс

Бүгін, 2022 жылдың  30 наурызында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде оқу орнының 1939-1940 жылдардағы түлегі, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, А. Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының  ардагері болған Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына арналған «Өмір өрнектері» атты ашық тәрбие сағаты қазақ тілі және қазақ әдебиеті оқыту әдістемесімен пәндерінің педагог-шебер оқытушысы Мусина Кулшат Сыздыковнаның жетекшілігімен  36 топта өтті.

Жазушы   Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тәрбие сағатында жазушының жұртшылыққа кеңінен танымал «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» , «Мәңгілік махаббат жыршысы» еңбектерінен бастап, «Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары», «Жамбылға хат», «Тоғыз толғау»,  «Автопортрет» еңбектері мен жауынгерлік жазбалары, очерктері, естеліктері, зиялы қауым мен оқырмандар пікірі де қамтылды.

Ашық тәрбие сағатының «Дара жол» бағдарламасы бөлімінде Ә.Нұршайықовқа өзінің көзі тірісінде ерекше құрмет көрсеткен ізгі жан, колледж директоры Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваның оқу орнының 100 жылдығында өзінің есімінің оқу орны кабиетіне берілгендегі жазушы қуанышын жеткізуі, өз қолтаңбасымен жеке заттарын табыстағаны жайлы әңгімесі өте әсерлі болып, тәрбиелік жұмыстың мазмұнын байытты.

Шәкәрім университетінің оқытушысы, магистр Меруерт Түсіпова ұсынған жазушының өмірі мен еңбегіне қатысты тарихи деректері студенттер үшін құнды мәліметтер болды. Ә.Нұршайықов шығармашылығының оқытылу әдістемесі, жазушы атындағы атаулы кабинет жанынан құрылған студенттердің кіші ғылыми зерттеу орталығының жұмыстары да насихатталды.

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Ұлы Отан соғысында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» атты алғашқы нұсқасының ел басына күн туған қиын-қыстау кезде жауынгерлерге рух бергенін өз аузымен айтқан бейнебаяны, Ауған соғысында жазушының өзінің «Махаббат, қызық мол жылдар» романының да жас солдаттарға рух бергені баяндалған бейнесюжет көрсетілуі кітаптың адамды рухтандыратын ерекше күш екенін танытты, Нұршайықовтың адамгершілік тұлғасын асқақтата түсті.

Ашық тәрбие сағатының әдеби, тарихи мазмұны бай. Студенттер топ кураторы К.С.Мусинаның бағыттауы нәтижесінде шығармашылықпен ізденген.