Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік-рухани тәрбие беру. Осы орайда «Өзін – өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты апталығы аясында ІІ курс студенттерімен «Мейірімділік және кәсіби әдеп» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Студенттермен бірге «Құм терапиясы және құмдағы ғажайып сурет», «Жарнама құрастыру», «Бақыт қалпағы» ойындары, «Әуенді терапия» жаттығуы өткізіліп, студенттердің мейірімділік, кәсіби әдеп туралы түсініктері кеңейді, өз өмірінің мәнін түсіне білуге, рухани өсуге, өмірлік айқындамасын белгілей білуге, өз өміріне, өз сөзі, ойы және әрекетіне мұқият болуға ықпалын тигізді. Сондай-ақ, тренингте студенттерге ой салатындай сұрақтар қойылып, пікіралысу, талқылау жұмыстары жүріп, кері баланыс орнатылды. Студенттер қызығушылық танытып, тренинг өз мақсатына жетті.
Тұлға қалыптастыруда ұйымдастырылған мазмұнды шараларға колледждің әкімшілігі қатысып, пікірлерін білдірді.
Адам баласы жаңаруға, өрлеуге, игі істер жасауға талпынуы керек. Ол үшін сабырлықты, парасатты, ар-ұжданды, адамдықтың ақ туын биік ұстай білуі тиіс. Олай болса, өзін-өзі тану пәнінің өскелең ұрпаққа берер білімі мен тәрбиесінің маңызы зор. Алдағы уақытта М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде осындай игі істер жалғасын таба бермек.
Жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру барысында әрбір педагог жүрекпен әрекет етіп, шынайы сүйіспеншілік нұрын шәкірттеріне тарата білді. Рефлексиялық талдау барысында әрбір шара мақсатына жеткеніне сенімдіміз. Жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына дарыта біліп, мәнісі мен мазмұнын түсіне алған студент осыған дәлел. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өзін-өзі тану онкүндігі жалғасын таба беретіні анық. М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі рухани-адамгершілік білім беруді онкүндікпен ғана шектеп қоймай, базалық білім беу ұйымы ретінде оқу-тәрбие үрдісіне интеграциялайды. Оқу орны білім алушы жастардың рухани бай, адами қасиеттерді бойына сіңірген гуманды кәсіби маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасауда.