Бүгін М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына және Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесіне орай бірқатар шаралар атқарылды. Барлық топтарда атаулы мерекеге орай «Тілім-тұғырым» тақырыбында тәрбие сағаттары өкізіліп, А.Байтұрсынұлы жайлы ақпараттар берілді.
Колледждің теле-радиоторабынан А.Байтұрсынұлы туралы бейнероликтер мен оның тіл туралы айтқан нақыл сөздері көрсетіліп, ақын туған күнімен қатар тойланатын Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесіне орай әр тілде құттықтаулар мен тіл туралы өлең жолдары оқылды.
«Семей қаласының тілдерді оқыту орталығы» ұйымдастырған «Тіл – достықтың алтын көпірі» қалалық дөңгелек үстеліне орталық жанындағы «Бірлік» клубының белсенді мүшелері А.Баркова, М.Емельянова, В.Казьмина және клуб жетекшісі, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Г.К.Қасымжанова қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 2022 оқу жылының түлегі, орыс ұлтының өкілі Ягель Марияның «Мемлекеттік тіл – менің тілім атты» республикалық форумға әзірлеген видеоролигінің тұсаукесері көрсетілді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Г.К.Қасымжанова орталық директорының Алғыс хатымен марапатталды.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, жастарымызды басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамыз!