«… 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып  шығара бастауымыз керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты»

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан

28 маусым күні оқу орнымызда Шығыс Қазақстан облысы техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ және Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен колледж оқытушыларына арналған «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Семинардың мақсаты – қазақ тілінің латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен қажеттілігін насихаттау.

Семинарда  филология ғылымдарының кандидаты, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Ш.А.Жанаева, филология ғылымдарының кандидаты, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының доценті, «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығының жетекшісі А.Ә.Әлімхан, филология ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ тренері А.Қ.Сейлхан латын графикасына ауысудың маңызы мен қажеттілігі жайында баяндама оқып, өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ қатысушылармен «Латын әліпбиі толқынымен», «Латын әліпбиі АКТ қолданысында» атты және тағы басқа тренингтер өткізіліп, сертификаттар табысталды.