0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 41, 42 топ білім алушылары 01-07 қыркүйек аралығында Семей қаласындағы №23, №8 жалпы орта білім беретін мектептерде «Баланың мектептегі алғашқы күндері» тәжірибесінен өтті. Тәжірибенің мақсаты – білім алушыларды баланың мектептегі алғашқы күндерінде жаңа жағдайға үйрену дағдыларымен таныстыру кезеңіне сәйкес педагогика, психология, жеке әдістемелерден алған теориялық білімдерін жинақтау және жүйелеу, педагогикалық біліктер қалыптастыру. Тәжірибе міндеттері – мұғалімнің сабаққа даярлықты ұйымдастыруымен және мазмұнымен таныстыру, мектептегі сабақтың алғашқы аптасындағы оқу-тәрбие жұмысының ерекшеліктерімен, мазмұнымен және әдістемесімен танысу, бірінші күнгі қабылдауды ұйымдастыру және алғашқы күндердегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруды бақылау.
Тәжірибе барысында машықкерлер кәсіптік тәжірибенің жұмыс жоспар-кестесіне сәйкес «Білім күні» мерекесі мен білім сағатына, алғашқы ата-аналар жиналысына, мұғалімнің өткізген барлық сабақтарына, сабақтарды талдауға, балаларды қабылдау және үйіне шығарып салуға, тамақтануын ұйымдастыруға, үзілісте қозғалмалы ойындар ұйымдастыруға, сабаққа көрнекі құралдар әзірлеуге қатысты.
«Баланың мектептегі алғашқы күндері» іс-тәжірибесінен көріністер
Алғашқы қоңырауға дайындық
Балаларды қабылдап алу сәтінен
Алғашқы сабақ: «Мен елімнің патриотымын»
Үйренерім көп менің
Үзілісті ұйымдастыру
Бастауыш сынып мұғалімінің оқу-тәрбие жұмысын жүзеге асыруға тәжірибелік тұрғыда даярлану мақсатында колледж білім алушылары аталған тәжірибені байқау іс-тәжірибесімен жалғастыруда.
Байқау іс-тәжірибесінің мақсаты – білім алушыларды бастауыш сынып мұғалімінің педагогикалық қызметіне дайындау, міндеті машықкерлердің бастауыш сыныпта оқу жұмысын ұйымдастыру іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру, сабақты өткізудің әдіс-тәсілдерімен қаруландыру болып табылады.
Машықкерлер тәжірибе кестесі бойынша математика, сауат ашу, дүниетану, жаратылыстану, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, көркем еңбек, дене шынықтыру, музыка пәндерінен байқау сабақтарын өткізуде. Жаңартылған білім беру бағдарламаға сәйкес қысқа мерзімді сабақ жоспарларын құруға машықтануда. Интербелсенді оқыту әдістерін: бірлескен жұмыстар, жұптық, топтық, зерттеу жұмыстары, оқу ойындары, пікірталастар, әр түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасау шығармашылық т.б. жұмыс түрлерін жүргізуді үйренуде. Бастауыш сыныпта оқыту әдістерін анықтау, оқу-көрнекі құралдарды жасақтау, оны тиімді қолдану, сабақтарда қалыптастырушы бағалау жүргізу, рефлексия мен кері байланыс орнату, бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау сабақтарын өткізу әдістемесін іс жүзінде меңгеруде.
Байқау тәжірибесі ағымдағы оқу жылының екінші жартысында өткізілетін өндірістік диплом алдындағы тәжірибеге дайындық болып есептеледі.
Байқау сабақтарынан көріністер