Биылғы жылдан бастап ресми түрде аталып өтетін 5 қазан Мұғалімдер күні мерекесіне орай Елордада І Республикалық педагогтер съезі өтті. Келелі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Сондай-ақ маңызды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 700-ден аса педагог жиналды. Алқалы басқосуда білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен оның тиімді шешімдері айтылып, үздік педагогтер марапатталды.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына, білім беру саласындағы бірқатар проблемелардың шешілу жағдайына назар аударды.
Осы жиынға Абай облысы педагогтерінің қатарында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің әлеуметтік-экономикалық пәндер оқытушысы, педагог-шебер, білікті ұстаз Мұқанов Төлеуғазы Қамалұлы қатысып қайтты.
Төлеуғазы Қамалұлымен педагогикалық ұжым арасында кездесу өткізіліп, үлкен шарадан алған әсерін, мерекелік бағдарлама аясында Оқушылар сарайында, Бином мектебінде, Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайында, «Сана» білім беру орталығында болып, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында «Шәмші» спектаклін тамашалағандарын әңгімеледі.
Ұйымдастырылған алаңдарда таратылған әр аймақтың педагогтерінің озық тәжірибелері мен үздік еңбектерінен алған тәжірибесімен бөлісті.