03.10.2023 ж күні Семей қаласының М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, “Филология” ПӘК онкүндігі аясында ҚТ 21-09 топ студенттері «Фольклор – халық өмірінің айнасы» атты фольклорлық іс-тәжірибе конференциясын өткізді. Конференцияға Шәкәрім Құдайбердіұлының шөбересі Косаева Ғазиза Мұсылманқұловна қонақ ретінде қатысты.
Фольклорлық практика – студенттердің тәжірибе жинақтауындағы маңызды шаралардың бірі. Іс тәжірибе кезінде студенттер халық ауыз әдебиеті пәнінен алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға дағдыланады, білімдерін тереңдетіп, толықтыра түседі. Сонымен қатар фольклорлық шығармаларды жинауға машықтанып, жинақталған материалдар бойынша ой қорытуға, тұжырым жасауға үйренеді.
Жазғы демалыста студенттер өздері тұратын өлкедегі фольклор үлгілерін жинақтап келді. Конференция 7 бағыттан тұрды. Конференция барысында студенттеріміз белгілі өңірге тараған фольклор үлгілерін жинастыру мақсатында біршама зерттеу жұмыстар жүргізгені байқалды. Әртүрлі бағыттағы фольклорлық мұраларды бойларына сіңіріп, құнды дүниелерге қанық болды.
Жас зертеушілер «Аңыздар-мифтер» бағыты бойынша жергілікті жердегі аңыздардың тарихи және топонимикалық түрлерін жинастырып келді. Домбыра жайлы аңыз айтылып, оқу орнымыздың 48 топ студенттері «Ерке сылқым» күйін орындап берді. «Тұрмыс-салтқа байланысты фольклор үлгілері» бағытында “Біз шанышар” салтына әдемі көрініс көрсетті. Бұл салтта қазақтың балаға деген қамқорлығы мен оның болашағы үшін жасалатын қадамдарын байқауға болады. Осы орайда конференция қонағы топ студенті Қожабекова Әсемнің апасы Косаева Ғазиза Мұсылманқұловна келін түсіру дәстүрін, өмірінен естіліктер, ғибратты әңгімелер айтып берді. Ғазиза апамыз студенттерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
ҚТ 21-09 топ студенттері фольклорлық іс-тәжірибеден толықтай өтті. Конференция соңында директордың іс-тәжірибе жөніндегі орынбасары Куляш Асқарқызы сөз алып, студенттерге, фольклорлық іс-тәжірибе жетекшісі Лаура Нұрбекқызына алғысын білдірді. Жас зерттеушілер өз жұмыстарына ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарап, белсене ізденіс жұмыстарын жүргізгізгендіктерін көрсете білді.