М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі 2018-2019 оқу жылында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Серпін» бағдарламасы аясында «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша талапкерлер қабылдады. Үш айға жуық уақытта студенттер оқу орнына, қалаға үйренісіп қана қоймай, өз қабілет-қарқындарына қарай білім, өнерлерін шыңдап та келеді.
Студенттердің хал-жағдайы, жай-күйі, оқу үлгерімін қарап-қадағалау мақсатында оқу орнымызға ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық жобалар басқармасының басшысы Сағиева Айгүл Хасенқызы арнайы келіп, студенттермен әңгіме-сұхбат жүргізді. Студенттер өз ойларын ашық білдіріп, оқу орынына деген көзқарастарын білдірді. Ұлы тұлғалар білім алған оқу орнына деген қызуғушылықтары мектеп қабырғасында жүргенде-ақ пайда болғандарын, бұл тарихи қала мен оқу орнына келіп, оқуға түскендерін үлкен мақтанышпен айтты. Облыстық «Аламан» байқауының «Ең үздік ғылыми жоба» аталымын иеленген Беделхан Қайсар сынды студенттер аз уақытта жеткен жетістіктерін айтып, бос уақыттарын тиімді пайдалану арқасында нәтижеге қол жеткізуге болатынын қуана жеткізді. Топтың жас ақыны Оспан Жанат сиясы кеппеген өлеңін де ұсынып үлгерді:
Білім алған Алаштың ұлылары,
Орны биік ерекше тұғырлары.
Шықты ғой талай дана, талай маман,
Ұяңнан сенің колледж құрылғалы.
Азаматы ардақты алашымның,
Зиялы адам, қазағымның қарашығы.
Аймауытов, Әуезовтер білім алған,
Семейдің білім орда қалашығы.
Қаныш та ұшқан, Шәкен де ұшқан бұл ұядан,
Білімдері оза білген мың қиядан.
Сан жетпейді айта берсем түлектерін,
Ұшып шыққан даналарды осы арадан.
Ойламадым, Семейге келемін деп,
«Серпінмен» бұл колледжге түсемін деп,
Отыздың бірі болдым, өкінбеймін,
Мақсат қойдым арманыма жетемін деп.
Ұлылардың атын берген кабинетке,
Студентті баулыған мәдениетке.
Аман бол, ардақты ана, аяулы ұстаз,
Мың алғыс, сіздер берген тәрбиеге!
Әңгіме-сұхбаттан соң Айгүл Хасенқызы колледждің оқу-техникалық базасымен және жатақханасымен танысып, колледж ұжымына алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.