Кәсіптік оқытуТәжірибе

Республикалық стандарттар негізінде педагогикалық мамандықтар бойынша болашақ жас мамандарды кәсіптік бағдарлау, оқыту және педагогтық қызмет құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында 2021 жылдың 09 сәуір күні М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде «Бастауыш сыныптарды оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттіліктері бойынша «WorldSkills-2021» колледжішілік іріктеу чемпионаты өткізілді. Семей қаласының №3 және №4 жалпы орта білім беретін мектептерден бастауыш сынып мұғалімдері К. М. Молдабаева, С. С. Оразғалиева, Нұрсәуле балабақшасының директоры Қ. Б. Болатбекова, «Эрудит Кидс» балабақшасының әдіскері Г. Т. Рахатбаева чемпионатқа тәуелсіз сарапшы ретінде, колледж әдіскерлері З.С.Алканова, М.К.Юсупова, З.Д.Сахариева, С.А.Мукушева, А.Турсынова, М.Елеусізқызы сарапшы ретінде төрешілік етті.

Қатысушылар бастауыш сыныптарда бір оқу пәні бойынша интерактивті құралдарды қолдану арқылы жаңа білімді меңгерту кезеңіндегі сабақ фрагментін дайындау және өткізу мен ұсынылған педагогикалық жағдаятты талдай білу біліктілігін көрсету, оны педагогикалық міндетке ауыстыру және шешудің жолдарын ұсынды. Ақпаратты берудің әртүрлі формаларын пайдаланып, оның өзектілігі және әлеуметтік-педагогикалық маңыздылығын ескере отырып, электрондық портфолионы құрып, оны ағылшын тілінде қорғады. Сыныптан тыс іс-шаралардың мультимедиялық презентациясының әзірлемесін дайындауда іс-шараның мазмұнына шығармашылықпен жұмыс жасап,интерактивтік элементтер пайдаланып, іскерлігін көрсетті. Шығармашылық жұмыстарды орындау үшін әртүрлі материалдар және құралдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге арналған «5 минутта үйретемін» сабағы кезінде олар технология бойынша дәйектілікпен жұмыс істеу біліктілігін көрсете білді.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттіліктерін анықтау мақсатындағы «Таным», «Әлеумет» білім беру салалары негізінде ұйымдастырылған оқу әрекетін әзірлеу және өткізу, күннің екінші жартысындағы сауықтыру шараларды, ойындарды және жеке жұмыс жасай алу біліктілігін көрсету, «Көркем әдебиет» бөліміндегі таңдалған көркем шығарманы сахналау, ата-аналар жиналысын өткізу іскерлігін көрсету сияқты конкурс талаптарын орындау барысында сайысқа қатысқан студенттер тапсырмаларды шығармашылықпен орындап, өздерінің болашақ мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін, біліктіліктерін және білімдерін көрсете білді. Топты жарып үздік шыққан Жұматаева Айжан болды.
«WorldSkills-2021» колледжішілік іріктеу чемпионатының қорытындысында «Бастауыш сыныптарды оқыту» құзіреттілігі бойынша Жақсыбаева Аружан-1 орын, Мавленова Диляра- 2 орын, Есхожина Аяжан- 3 орынға ие болды. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша Жұматаева Айжан-1 орын, Жұмағазина Меруерт- 2орын, Бейсенова Еркеназ-3 орынға ие болды. Бірінші орын алған студенттер облыстық «WorldSkills-2021» конкурсына жолдама алды.