Хабарландырулар

Жыл сайын дәстүрлі түрде салтанатты аталып өтетін Білім күні «М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК ерекше форматта – онлайн режимде өтті. Әр топта ZOOM бейнеконференциясы арқылы Еліміздің негізгі Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылдануының 25 жылдығына орайластырылған «Конституция – біздің болашағымыз!», «Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтары», «Мамандық таңдау», «Біз – сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз-қоғам мүдделеріне сатқындыққа қарсымыз!» тақырыптарында тәрбие сағаттары өткізілді. Сонымен қатар тәрбие сағаттарында 2020 жылы өткізілген Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны мен ойшылы Абай Құнанбаевтың (1845-1904) туғанына 175 жыл және т.б. мерейтойлар туралы айтылды. Колледж директоры, ф.ғ.к.,
Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы білім алушыларды, ата-аналарды, педагогикалық ұжымды Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім алушылардың болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар болатынына сеніммен қарайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» – деп атап көрсетті. Тәуелсіз еліміздің білімді ұрпағын тəрбиелейтін ұстаздар даярлайтын колледж ұйымы қашықтықтан оқыту жағдайында білім берудің жоғары сапасын сақтап, жастарға саналы тәрбие беруді үздіксіз жалғастырып келеді.