Жанаева Шагангуль Алдамжаровна, ф.ғ.к., «М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі»КМҚК директоры, Қазақстан ПҒА корреспондент мүшесі, «Ы. Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері
Бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен пандемия барша адамзатқа қауіп-қатер төндірген сәтте ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев: «Қазір бәріміз күрделі ахуалды бастан өткеріп жатырмыз. Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт. Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, бірақ, екіншіден, бұл – мүмкіншілік» деп, әр азаматтың алдына нақты міндет жүктеді. Бұл міндетті арқалаған, мақсаты айқын, саналы, салауатты, дені сау ұлт – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін болмысымен түсінген М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі білім алушылардың білім алуын қашықтықтан оқыту тәртібімен ұйымдастырып жатқан оқу орындарының бірі. Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістерін ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келетіні ақиқат. Оқу орнымыздағы сондай іргелі жұмыстардың бірі де бірегейі – қашықтықтан оқыту. Студенттермен «Canvas» платформасы арқылы байланыс орнатылып, оқу-тәрбие жұмысы бір жүйеге келтірілді. Білім беру үрдісін тиімдендіру мақсатында көтерілген кез-келген бастама оқу орнының қашықтықтан оқып отырған 963 білім алушысы мен ата-аналары, оқытушылар тарапынан қолдау тауып отыр.
Əлемде таралып отырған ауыр індетке көңіліміз алаңдаулы болса да, бұл жағдайдың алдын алу мақсатында бүгінгі күні елімізде жасалып жатқан ауқымды шараларды қолдай отырып, ұстаздар қауымы да уақыт талабына тез арада бейімделіп, білім берудің оңтайлы түрін меңгеруде. Қашықтықтан білім беру əр оқытушыдан зияткерлік потенциялын дамытуды, ақпараттық коммуникативтілікті, үздіксіз білім беру принциптерін ойдағыдай іске асыруды қажет етеді. Біраз мүмкіндіктер зерделенді. Нәтижесінде іріктеліп алынған «Cаnvas»,«Zoom»,«Google Duo» бағдарламаларын студенттердің жүктеуі қолжетімді болды. Сонымен қатар колледждегі оқу–тәрбие үрдісін Bandicam, Camtasia, Osam онлайн оқыту бағдарламалары арқылы ұйымдастыру оң серпін беріп, студенттердің қашықтықтан білім алуын мотивациялап отыр.
Қашықтан оқытуда әр оқытушыға сабақ беретін пәнінен видео және аудио жазуға колледждің 115 жылдық мерейтойына орай ашылған IT- құзіреттілік алаңы мол мүмкіндік жасауда.
«Балапан”, “Ел арна” телеарналарындағы əріптестеріміздің сабақтары еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылардың қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, колледж əдіскерлері мен студенттердің тəжірибе алмасу, жинақтау алаңына айналып отыр.
Колледж әкімшілігі шеттен жұмыс жасау тәртібінде отырған оқытушылармен үнемі байланысты “Zoom” бағдарламасы арқылы жүргізіп, туындаған мәселелерді онлайн шешіп отырады. Видеоконференцияларда платформаға салынған пәннің оқу контентінің сапасы, білім алушының сабаққа қатысуы, оқу-тәрбие үрдісінің мазмұндылығы туралы сұрақтар талқыланады.
Сабақ тоқтауға тиіс емес. Бүгінгі заманның цифрлық дамуы, қолда бар электрондық ресурстар оған мүмкіндік береді. Біздің веб-сайтымызда, сілтемесі – https://pkollsemey.edu.kz/elektronnye-uchebniki/ қашықтықтан оқытудын ресурстары мол: пәннің электронды оқу-әдістемелік кешендері, бейнесабақтар , виртуалық семинарлар, видеороликтер, авторлық оқулықтар электрондық кітапхана қордаланған. Студенттер мен оқытушылар өз ресурстарымызбен қатар, еліміздегі кәсіптік білім беру жүйесінде қолданыста бар электронды оқулықтарды жүктеп ала алады. Студенттерге тапсырмалар Telegram, e-mail, Facebook, Уoutube сайттары және «Canvas» платформасына жүктеледі. Түрлі платформаларды игеріп, оның мүмкіндігін талдай білуі, өз жобасын презентациялауы студенттің бәсекеге қабілеттілігін дамытады.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл”, – дейді халқымыз, осынау сын сағатта ҚР БжҒМ, ШҚО білім басқармасының тиімді, жоспарлы ұйымдастырылған жұмыстары, жүйелі əдістемелік көмегі, педагогикалық колледж ұжымы мен студенттер, ата-аналар қауымының бірлескен ынтымағы арқасында қашықтықтан оқытудың қиыншылықтарын еңсердік, алаңдаулы сəттеріміз сенімділік, жасампаздықпен алмасты.
Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Береке-бірліктің арқасында халқымызбен бірге міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, бұл дағдарыстың мүмкіншілігі – қашықтықтан оқыту тәртібін қарқынды пайдалану нәтижесінде қалыптасқан жалпыадамзаттық құндылықты бойына сіңірген, ІТ- құзіретті, білімді ұрпақ, білікті маман мемлекетіміздің тұрақты және сапалы өркендеу жолында адал қызмет ететін болады.
Біз біргеміз – берік іргеміз!