Тәрбиелік жұмысХабарландырулар
 10.05.2023 күні М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «Тәрбие жұмысын ұйымдастыру» мамандығында оқитын 32 топ студенттерімен «Мен өмірді таңдаймын!» атты ашық тәрбие сағаты өтті.  Тәрбие сағатының басты мақсаты: өмір құндылығы туралы білімдерін кеңейту, өмірге құштарлықтарын арттыру, өмірдің мәніне түсіне қарауға бағыт-бағдар беру, өмірді бағалай білуге тәрбиелеуге ықпал жасау.
 Тәрбие сағаты барысында студенттер өмір жайлы поэзия оқыды, өмірдің ақ пен қарадан тұратынын «Тағдыр» көрінісі арқылы қатысушылар назарына ұсынып, көрермен көңіліне терең ой салды. Өмір құндылықтары туралы ғибратты әңгімелер айтылып, қатысушылар өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.
Келесі кезекте топ студенттері өздері жасаған «Мен өмірді таңдаймын!» атты веб-сайтты таныстырып, қатысушыларға сілтемесі мен QR ұсынды. Бұл веб-сайт арқылы «Өмірге пайдалы ақыл-кеңестер», «Поэзия әлемі», «Өмірге деген көзқарасыңызды өзгертетін 6 кітап», «Әр адам көруге тиіс 7 мотивациялық фильм», «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», «Сенім телефондары» атты бөлімдермен танысып, жағымсыз ойлардан арылып, жақсы нәрселерге көңіл бөлуге болатындығын және өмір жайлы қиындықтар болса, сайтта көрсетілген сенім телефондарына кез-келген уақытта қоңырау шала алатындарын ескертті.Сондай-ақ, Семей қаласы тұрғындарынан және колледж студенттері мен ұстаздарынан алынған шағын интервью көрсетіліп, статистикалық мәліметтер айтылды.
Тәрбие сағаты Аян Белгінің әні мен сөзіне жазылған Бауыржанұлы Досжанның орындауындағы «Өмір керемет» әнімен қорытындыланды.