28 қыркүйек – оқу орнының түлегі, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, жазушы М.О. Әуезовтің туған күні Алашың тұңғыш білім ордасында ерекше аталып өтті. Биылғы жылдың басты ерекшелігі колледжге М.Әуезовтің ұрпақтарының келуі болды.
Шараға Нидерланды елінен алтынның сынығындай, Әуезовтей жақсының көзіндей болған Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова, «Д.А. Қонаев Халықаралық қоры» қоғамдық қордың Президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев, Ғылыми- мәдени орталығы «Әуезов үйі» директоры Диар Асқарұлы Қонаев, «Атамұра» корпорациясының президенті, баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к. Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы арнайы келіп қатысты. Абай олбысының зиялы қауымы филолог-ғалым Еспенбетов Арап Сіләмұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, «Семей таңы – Вести Семей» газеттері» ЖШС-нің директор-бас редакторы, Абай облысының құрметті азаматы Молдашева Рыиза Асанқызы, , филология ғылымының кандидаты, әуезовтанушы Мұқажанова Раушан, Абай облысы мәслихатының төрағасы Қ.С.Сүлейменов, “АМАNAT” партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы С.А.Ысқақов және де Абай облысындағы М.О.Әуезов есімін иеленген мектептерден құрылған «Әуезов альянсының» мүшесі Ново-Покровка ауылының М.О.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Облыс әкімі Н.Т.Уранхаев бастаған кездесу қонақтары колледж ауласындағы «Семинарист Мұхтардың» ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, жазушы рухына тағзым жасады.
Келген қонақтар М.О.Әуезов шығармалары бойынша «Кейіпкерлер галереясын» және суреттер көрмесін тамашалады. Студенттер мен оқытушылардың ғылыми-әдістемелік жұмыстарымен, колледж мақтаныштары – жеңімпаз спортшылармен танысты.
Қонақтарға жыл сайын дәстүрлі түрде М.О.Әуезов туған күніне орай ұйымдастырылатын «Әуезов сыны» байқауы туралы мәліметтер беріліп, «Жас әуезовшілер» гиміні орындалды.
Абай облысының зиялы қауымы, колледж оқытушылары және студенттерімен өткен кездесу барысында Мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет-қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуездің 80 жас мерейтойына орай «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақ рухы» кітабының және жазушының анасы Фатима Ғабитованың «Өртеңде өнген гүл» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті. Жаңа кітаптардың тұсау кесерін жасау құрметі филолог-ғалым А.С.Еспенбетов пен ф.ғ.к., әуезовтанушы Р.Мұқажановға бұйырды.
Шығыстанушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, атасы М.О.Әуезовтің есімі берілген, осындай Алаштың арыстары білім алған білім ордасымен ризашылығын білдірді.
Биылғы оқу жылындағы «Үздік әуезовші» төсбелгісінің иегері 4 курс студенті Назгүл Сембаева мен «Әуезов сыны» байқауының жеңімпазы ШТ 22-09-01 тобының студенді Береке Аңсарды марапаттау құрметі заңғар жазушының немересі З.М.Әуезовға берілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к. Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы Мұхтар Әуезов еңбектерін насихаттаудағы ерен еңбегі үшін «М.О.Әуезов» төсбелгісімен марапатталды.