Әдістемелік қызметХабарландырулар

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген А.Байтұрсынұлының асыл сөздері бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіп, ұлтымыздың темірқазығына айналғалы қашан. Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты кітабында, Абай «Адам болам десеңіз» деген тезисінде Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы болғандықтан, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып білу қастерлі міндеттеріміздің бірі болып саналмақ десе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған іс- шаралардың халқымызға ой салатын, ұрпағымыздың санасының көкжиегін кеңейтіп, тəрбие-тағылым алатындай маңызды мағаналы істер атқаруымыз керек деген сөздері – Абай іліміне ғылыми тұрғыдан мемлекеттік деңгейде өте жоғары мән берілетіндігінің айғағы.
Ұлылар есімін ұлықтап, Алаштың білім ордасына айналған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Қазақ тілі және әдебиеті пәндері оқытушыларының облыстық әдістемелік бірлестігімен ынтымақтаса 2020 жылдың 30 мамыры күні қашықтықтан Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай облыстық «Абайдың қара сөздерінің жастар тәрбиесінде алатын орны» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференцияның мақсаты:
ЖаҺандық білім беру кеңістігіне ену жағдайында Абай мұрасын инновациялық технологиялар негізінде оқыту – ұлттық кодты сақтау құралы ретінде тәжірибе алмасу.
Қашықтықтан ұйымдастырылған конференцияға облыстағы ТжКБ оқу орындары және жалпы орта білім беретін мектептерден 70-тен астам педагог «Абайдың қара сөздеріндегі толық адам танымдары», «Абай дүниетанымының философиялық аспектілері», «Жаңартылған білім мазмұнында Абайдың қара сөздерін оқыту және білім берудің инновациялық технологиялары», «Абайтану: мәселелер мен шешімдер» бағыттарында жұмыстарын ұсынды.
Пленарлық отырыс алдында оқу орнына виртуалды саяхат жасалып, конференция колледж директоры, ф.ғ.к. Ш.А.Жанаеваның алғы сөзімен ашылды.
Конференция Семей қаласының Шәкәрім атындағы МУ оқытушысы қазақ тілі мен әдебиеті оқу кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Р.Қ.Сабырбаева, ф.ғ.д. Қазақ Инновациялық Гуманитарлық-Заң университетінің профессоры Г.Т.Әбікенова, Шәкәрім университеті Абай институтының директоры Ж.М.Әубәкіров, ф.ғ.к. гуманитарлық ғылымдар ғылыми кафедрасының меңгерушісі, Шәкәрім университетінің қауымдастырылған профессоры А.С.Актановалардың Абай мұралары жайлы зерттеулерімен жалғасты. Т.Аманов атындағы №16 ЖОББ мектебінің шебер-педагогі Г.А.Кунафина «Абай мұрасы- тәрбие құралы» атты баяндамасында жаңартылған білім беру аясында қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында Абай шығармаларын оқытудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Т.Какеновтер қатысушылардың жұмысын тыңдап, өз бағаларын берді.
Конференцияға сұраныс берген 75 педагогтің 35-і онлайн тәртібінде ZOOM қосымшасы арқылы өз жұмыстарын қорғады, педагогикалық тәжірибелерімен бөлісіп, зерттеу барысындағы ой-тұжырымдарын орта салды.
Конференция соңында оқу орнының директоры ф.ғ.к. Ш.А.Жанаева Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуіндегі «Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деген саналы ұрпаққа ой салар келелі сөздеріне тоқтала отырып, Абай атамыздың жазықсыз жапа шегіп, қуғынға ұшыраған ұрпақтарының есімдерін атап, бір минуттық үнсіздік жариялады. Қатысушылар Ұлының ұрпақтарына тағзым етті.
Конференция қорытындысы бойынша мазмұнды да мағыналы жұмыстары үшін Шәкәрім университетінің жоғары агротехникалық колледжінің директоры А. К. Уразбаева, Т.Аманов атындағы №16 ЖОББ мектеп мұғалімі Л.Т.Оспанова, Семей электротехникалық колледжінің оқытушылары А.Е.Қалиева,А.Б.Райысханова,В.Визигин, Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің оқытушысы М.А.Алепарова, Құрылыс колледжінің оқытушысы Д.Болатқызы, С.С.Кошкимбаева, «Семей» колледжінің оқытушысы М.Қ.Аусарбаева, Өрел орта мектебінің мұғалімі Е.Т.Ахмерова, Зайсан технология колледжінің оқытушылары А.Р.Жайлаубаева,Ж.З.Қабиева, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушылары Г.К.Қасымжанова, К.С.Мусина, Т.К.Муканов, Ж.Шайжүнісов атындағы электрондық колледж оқытушысы М.О.Садуакасовалар Алғыс хатпен марапатталды.