Хабарландырулар

 

Бұл асыға күткен сапар еді.Ұлтымыздың Бас ақыны, кемеңгер ойшылы, хәкім Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай атқарылатын іс-шаралардыңжай-күйімен танысу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік даму, мәдени және ғылым комитетінің депутаттары Абай еліне, Семей жеріне екі күндік іс-сапарға шыққан едік.

Семей өңірінде болмағаныма 4-5 жылдың жүзі болыпты. Сондықтан да ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, әлем әдебиетінің классигі Әуезовтың топырағын басу, сәлем беру бәріміз үшін бақыт еді.

Әуежай көркімен көз тартады. Семей әуежайы кез-келген әуежайлармен таласа алады екен. Техникалық жарақтандырылуы да бірден көзге түседі. Иә, бұл бұрынғы Семей емес. Қазақстанның қастерлі мәдени қаласы. Ол мүлдем өзгеріп кеткен.

Семейдің сұлулығы мен сымбатының ерекше орны бар. Мұны өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезініп, жазып отырмын.

Семей қаласы жаңа құрылыстарға тұнып тұр. Көшелері түп-түзу, кең, гүлзарлары, парктері, скверлері қандай!

Шығыс Қазақстанның мәдени орталығына айналған Семей қаласы туралы ұғым да, пікір де бөлек. Облыс орталығы дәрежесінен айырылғанымен, ол сакральді қалаға, қасиетті ордаға айналыпты. Сондықтан да әлеуметтік желілердегі кейбір пікірлердің жансақтығына көз жеткіздім. Өз бюджеті өзіне жететін Семей қаласы – Абай елінің қасиетті бойтұмары екен.

Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге кездесуге келдік. Іргесі 1903 жылы көтеріліпті. Семей семинариясы болыпты. Бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжін Алаштың білім ордасы деп те атауға болады.

Бұл жерде әлем әдебиетінің классигі М.Әуезов оқыған және сабақ та берген. Тарихы терең, сыры мол оқу орнында қазақтың ұлы қайраткер ұл-қыздары – Нәзипа Құлжанова, Биахмет Сәрсенов, Алаштың тұңғыш құрбаны Қазы Нұрмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Республика ғылым академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтпаев, Ахметолла Барлыбаев, Тайыр Жомартбаев, атақты ғалым Әлкей Марғұлан, Әди Шәріпов, Ахат Құдайбердиев, Мәннан Тұрғанбаев және  тағы да басқа қайраткерлер оқыған.

Колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шаған Алдамжарқызы Жанаева осы ордалы оқу орнының өткені мен бүгіні туралы әңгімеледі. Жастарды тарихпен тәрбиелеу дәстүрі туралы ой бөлісті. Мемлекетіміздің педагог кадрларының білімі мен біліктілігіне жасалып жатқан қамқорлыққа назар аударды. Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» заң үшін Мемлекет Басшысына, депутаттар корпусына рахмет айтты.

Тарихы терең, болашағы кемел педагогика колледжінен зор әсермен шықтық.

Қаланың көрікті жерлерімен де танысуға мүмкіндік алдық. Қала көркіне – көрік, ажарына – ажар қосып тұрған  Қарағайлы ықшам ауданына келгенде Еуропаның қалаларынан кем соқпайтын ғимараттарды көрдік. Бір ғана спорт кешенінің өзі не тұрады?! Ол бұқаралық спорт кешеніне айналыпты. Жастар әсем залдарда спортпен айналысып жатыр. Бұл болашақ чемпиондар кешені болатыны анық. Спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ал дені сау ұрпақтың  рухы биік болады.

Бәрін айтта, бірін айт. Бұл ықшам ауданда 30 мыңнан астам адам тұратын болады. Демек, Семей іргелі қала ретінде дами бермек.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туған Қасқабұлақты көрдік. Мұнда ұлы ақынның кіндігі кесілген. Қасиетті мекен десең, қасиетті жер. Бірден ұлы Абай ілімінің сырлы әлеміне енгендей боласың.

Жан-жағы тал қарағай, Ұлы дала төсіндегі қасиетті мекен.

Хакім Абайдың 45 қара сөзінен үзінділер жеке-жеке мәрмарға қашалып жазылыпты. Әр адам оны зерделеп оқиды. Ұлы ойшыл Абай әр жүрекке нұр болып құйылып тұр. Әр ұрпақтың – өз Абайы бар. Қазақтың болашақ ұрпағы да осы жерден Абай ілімін түйсінетін болады.

Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының мемориалдық мұражайына келіп тәу еттік, бейітіне зиарат жасадық.

Кеңестік жүйенің қатыгез идеологиялық саясаты Құнанбайды озбыр билеуші ретінде санамызға құйғаны әлі естен шыққан жоқ.

Тәуелсіздік таңы тарихымызды жаңаша тануға мүмкіндік берді. Құнанбай Өскенбайұлы да тұған халқына ұлт қайраткері ретінде қайта оралды. Тарихтан өз бағасын алды. Көсем де, шешен де, әділ билік айтқан Құнанбай бабамызға жасалған құрмет – осы мемориалдық мұражай екендігі даусыз.

Жидебай! Шыңғыстаудың етегінде жатқан Жидебай нағыз қасиетті сакральды орын. Мұнда Абай ақын өмірінің ең сындарлы жылдарын өткізген. Ақынның атақты қара сөзі де  осы жерде жазылған.

Жидебайда Абай мен Шәкәрімге ғажайып ескерткіш қойылған. Мемориалдық кешен қандай!

Абай ақынға қойылған әлемдік деңгейдегі Ескерткіш ұлт махаббатын көрсетіп тұр. Ақын рухына тағзым етуге, Абай жүрген жерді көруге келген қанша ма шетелдік туристерді көрдік. Бұл ешқашан халық үзілмейтін – Жидебай!

Абайға деген қызығушылық, мархаббат таусылмайды. Өйткені, үлкені болсын, кішісі болсын мұнда Абай өлеңдерін жатқа оқиды. Ақын өмірі туралы толғақты сөз айтады. Бұл жер ұлт тәрбиелеудің, партриоттық рух алудың қасиетті жері екен. Осыны көріп, сезініп қайттық.

Халықпен көптеген кездесулер болды. Қойылған сұрақтарға жауап бердік. Ең бастысы, халықтың Елбасыға, Мемлекет Басшысына, жергілікті атқарушы билік органдарына деген ыстық ықыласының куәсі болдық.

Ұсыныс та айтылмай қалған жоқ. Соның бірі жөнінде айта кетейін. Бір педагог ауылдағы мектептерде 1-4 сынып оқушылары мектеп ғимаратында оқып жатқанын айтты. Бірақ, эпидемиологиялық, санитарлық нормаларды сақтай отырып, барлық сыныптарды мектеп ғимаратында оқыту қажеттігі жөнінде ұсыныс берді. Ол ауылдың сыртқы ортамен тікелей байланысы жоқтығын ескеруді сұрады. Әрине, біз мұны Үкіметке жеткізуге уәде бердік.

Екі күндік сапарымыздан алған жылы әсерлердің бұл бір сәтті көрінісі ғана.

Біз Семей өңірінен Абайға деген ұлы махаббат пен құрметті көріп қайттық…

Бақытжан Жұмағұлов,

Сенатор, Абайдың 175 жылдығын өткізу жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Ғылым, білім, техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері

Abai.kz