АЛАШТЫҢ ТҰҢҒЫШ БІЛІМ ОРДАСЫНА – 120 жыл!
М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде дәстүрлі түрде “ZERDE” интеллектуалды турнирі ұйымдастырылады. Жыл сайын жүлдегерлерді колледж әкімшілігі танымдық саяхатқа жіберу дәстүрге айналған. 2024 жылдың 8-маусымында «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына сапарлау бізге бұйырыпты.
Сапар барысында өлкеміздің тарихымен терең танысып, таным көкжиегімізді толықтырып, қызықты деректерге куә болдық.
Жол бойында Күшікбай батыр асуына, Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне , Еңлік-Кебек ескерткіші, Сырт Қасқабұлақ, Жидебайда орналасқан Абай мұражай-үйіне соғып, Абай, Оспан Құнанбайұлдарының және Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахат Шәкәрімұлының рухына тағзым еттік.
Мұхтар, Абай, Құнанбай, Шәкәрім аталарымыздың ізі қалған, ұрпақтарының табаны тиген жерін басып жүрген біз бақытты жандармыз.
Колледжімізде ұйымдастырылған “ZERDE” интеллектуалды турнирі арқылы білімалушылардың ғылыми-ізденушілік қабілетінің дамуына үлес қосып,осындай танымдық саяхатты ұйымдастырған колледж директоры Жанаева Шағангүл Алдамжарқызына және ұстаздарымызға алғысымызды білдіреміз!