06.10.2022 күні М.О. Әуезовтің 125 жылдығына арналған республикалық «ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІ» атты танымдық-шығармашылық фестиваль аясында Абай атындағы театрда «Ұлылыққа тағзым» атты салтанатты кеш өтті.
Салтанатты жиында Алаш және Әуезов рухында маман даярлаудағы қажырлы еңбегі үшін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, ф.ғ.к., доцент Ахат Нұртас Ахатұлы М.О.Әуезов төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, оқу орнында 25 жылдан артық қызмет кеткен, білім беру саласын дамытуға және оқу орнын нығайтуға үлес қосқан «Шет тілі» ПӘК төрайымы Б.Ж.Койгельдина және «Дене тәрбиесі және өнер» бөлімінің меңгерушісі, информатика пәнінің оқытушысы А.Б.Сентаева М.О.Әуезов төсбелгісінің иегері атанды.
Жыл сайынғы дәстүрлі «Үздік Әуезовші» атағының 2022 жылғы иегері – «Әуезов сыны» байқауында жоғары білім көрсеткен, үздік оқу сапасы мен қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан 0111083 «Шетел тілі пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша 4 курс студенті Базарова Аяжан «Үздік Әуезовші» куәлігімен және төсбелгісімен марапатталды.
Үздік үлгерімі мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсеткен төмендегі студенттерді оқу орнында 20 жылдан астам директорлық қызмет атқарған, Мұхтар Әуезов есімінің колледжге берілуіне және колледж ауласында жазушы ескерткішінің қойылуына еңбек еткен Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтың ұлы Төлеген Асылханұлы «Бекбаев Асылхан Табылдыұлы атындағы стипендиямен» марапаттады:
- Дүйсенғазина Аяулым – 4 курс студенті, біліктілігі: 0105013 «Бастауыш білім беру мұғалімі»;
- Жолдыбаева Аружан – 4 курс студенті, біліктілігі: 0111083 «Шетел тілі пәнінің мұғалімі»;
- Сейтказинов Алпамыс – 4 курс студенті, біліктілігі: 0101013 «Мектепке дейінгі және негізгі білім беру ұйымдарының музыка пәнінің мұғалімі».
Салтанатты кеш «Абай аялаған арулар» атты эстетикалық-танымдық қойылыммен жалғасты. Қойылымның мақсаты: ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы әйел бейнелерін көрсете отырып, Тоғжанның қазақ қызына тән ұяңдығынан, Әйгерімнің кербез қылығы мен сырбаз өнерінен, Салтанаттың батылдығы мен адалдығынан, Қуандықтың ұлттық тілдің сырын сезінген нәзік сыршылдығынан тағылым алуға тәрбиелеуге және ұлтымыздың қыз баласына арналған этикалық-эстетикалық талап-тілегін әр уақытта жадында сақтап, ұстаным негізіне айналдыруға бағыттауға саяды.
Мерекелік кеш жоғары деңгейде өткізіліп, қалың көрермен үлкен әсер алды.