Мерекеге Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы Жүнісбеков, Қазақстан Жазушылар одағының Семей қаласындағы филиалының жетекшісі, ақын Мерей Қарт, “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпазы, ақын Ержан Жұмабек, қаладағы ТжКББ ұйымдарының басшылары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, «Жанұя орталығы» қоғамдық қорының өкілдері Ж.Ж. Жибраева, Л.М.Асташкина жəне қаламыздағы көп балалы аналар қауымдастығы өкілдері мен ата-аналар арнайы қонаққа шақырылды.
Колледж ауласына киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды.
«Мерейтой даңғылы» ұйымдастырылып, оқу орнында қызмет еткен Нұрғали Құлжановтың, колледждің семинария тұсындағы түлектері Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сəтбаевтың, техникум тұсындағы оқыған, Əлкей Марғұланның, Шəкен Аймановтың, Жақия Шайжүнісовтың, оқу орнын 25 жыл басқарған директор Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтардың атындағы атаулы оқу кабинеттеріндегі кіші ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстары көрсетіліп, көпшілік назарына таныстырылды.
Мейрамға қатысушыларға ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан тағамдары, наурыз көже мен бауырсақтар ұсынылды. Ұлттық спорт ойындары қол күрес, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тартудан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Наурыз мейрамының салт-дəстүрін насихаттаған сахналық көрініс думанды əн мен жырға ұласты.