Жас буынға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңызын түсіндіру, тарихтан тағылым алуға, өткенге тағзым етуге, қасіретті кезеңнің құрбаны болған қазақ зиялыларының есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу мақсатында М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қолдан жасалған қасірет» атты лездеме ұйымдастырылды. Жазықсыздан жазықсыз саяси қуғын сүргін құрбандарына айналған талай тұлғаларымыздың есімі 118 жылдық тарихы бар М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжімен тығыз байланысты. Семинария қабырғасында оқыған, қызмет істеген ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлері: Сәтбаев Әбікей Зейінұлы, Сәрсенов Биахмет Шегедекұлы, Қазы Нұрмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев, Халлел Ахметжанұлы Ғаббасов, Әлімхан Әбеуұлы Ермеков, Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев, Әлімбеков Имам, Мұстафин Сейт-Баттал, Малдыбаев Мұстақим Матқұлұлы. Оқу орнында Шағангүл Алдамжарқызының бастамасымен «Тағзым» бағдарламасы аясында Алаш қайраткерлерінің өнегелі өмірін насихаттайтын атаулы дәрісханалар жұмыс жасауда. Келер ұрпақ тарихтағы зобалаң жылдардың зардабын ұмытпауы керек. Өйткені, жастарымыз тарихтың ауыртпалықтарынан сабақ алып қана алға қадам басады.