Тәжірибе

«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК ұйымдастыруымен 2021 жылдың 4-6 мамыры аралығында «ХХІ ғасырдағы білім беру: мәселелелер мен шешімдер» тақырыбында аймақтық әдістемелік вебинар өтті. Вебинарға Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы орта білім беретін мектеп басшылары, мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Вебинардың мақсаты –оқу-тәрбие үрдісінде кездесетін өзекті мәселелерді әлеуметтік серіктестіктегі білім беру мекемелерімен бірлесе талқылау, болашақ педагогтардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы әріптестік байланыстың нәтижелілігін айқындау және кәсіптік бағдар беру.
Педагогика саласындағы өзекті мәселелер талқыланған диалогтық алаңда колледж оқытушылары өз тәжірибелерімен бөліссе, бітіруші топ студенттері оқу орны қабырғасында алған теориялық білімі мен практикалық-әдістемелік ізденіс бағытындағы жетістіктерін мақтанышпен баяндады.
Вебинардың алғашқы күнінде «Қашықтықтан оқыту жағдайында, кезеңдеп сурет салуда АКТ-ны пайдаланудың тиімділігі. Натюрморт» тақырыбымен бейнелеу өнері негіздерін оқыту әдістемесі пәнінің жоғары біліктілік санатты оқытушысы Айткожин М.К., «Студенттің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда MuseScore бағдарламасын қолдану тиімділігі» тақырыбымен жоғары біліктілік санатты оқытушы, п.ғ.м. Бузаубагарова Р.Ш., «Орта қашықтыққа жүгіру техникасы» тақырыбымен педагог-модератор Сағатбеков Б.А., «Оқу-тәрбие үрдісінде білім алушыларды мотивациялаудың маңызы» тақырыбымен педагогика пәнінің жоғары біліктілік санатты оқытушысы Сарсекова Г.К., «Жаратылыстану пәнінде көрнекі құралдарды пайдалану» тақырыбымен жаратылыстану және дүниетануды оқыту әдістемесі пәндерінің жоғары біліктілік санатты тренер-оқытушысы, п.ғ.м. Калкенова Б.Ж., «PIRLS жобасы аясында оқушылардың функционалдық сауатылығын қалыптастыру» тақырыбымен жоғары біліктілік санатты тренер-оқытушы, п.ғ.м. Музапарова Д.Б., «Жаңартылған білім беру мазмұны шеңберінде оқытудың интербелсенді әдістерін қолдану» тақырыбымен педагогика пәнінің жоғары біліктілік санатты оқытушысы, п.ғ.м. Кабимолдина А.К., «Жазғы лагерьді ұйымдастыру» тақырыбымен педагогика пәнінің жоғары біліктілік санатты оқытушысы, «Talap» КЕАҚ штаттан тыс тренері, п.ғ.м. Алканова З.С. педагогикалық-әдістемелік тәжірибелерімен бөлісті.
Екінші күнінде қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің жоғары біліктілік санатты тренер-оқытушысы, г.ғ.м. Калиева С.С. «Әдеби теориялық білім беруде ІТ технологияларды қолдану қажеттілігі және тиімділігі» тақырыбындағы бейнесабақ үлгісін ұсынса, жоғары біліктілік санатты оқытушы, г.ғ.м. Сахариева З.Д. «Тіл ұстарту және көркем жазуға үйретудің тиімді әдістері» тақырыбында пәндік әдістемелік тәжірибесімен бөлісті. Жоғары біліктілік санатты оқытушы Мусина К.С. «Бастауыш сыныптағы заманауи оқулықтардың мазмұны мен сапасы» тақырыбында өзекті мәселе көтеріп, оқушының функционалдық сауаттылығын арттырудағы қазақ тілі пәнінің орнына, ұлттық құндылық қалыптастырудағы пәндік тақырыптардың ерекшелігіне тоқталды, әріптестік тәжірибе алмасудың тиімділігін атап өтті. «Абай шығармаларының бастауыш сыныптарда оқытылуы» тақырыбымен жоғары біліктілік санатты оқытушыТабильтай С. ашық алаңдағы тәжірибе алмасуды жалғастырды.
Келесі кезекте пікірлесу алаңына ағылшын тілі пәнінің оқытушылары шығып, бастауыш және негізгі орта білім сатысында ағылшын тілін оқытудағы тәжірибелерімен бөлісті. «Core method for developing language skills in foreign languages» тақырыбында шет тілі практикумы пәнінің оқытушысы, ф.ғ.м. Мұсабалина Э.Т., «Қашықтықтан оқытуда ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын сандық бағдарламалар» тақырыбында шет тілі пәнінің оқытушысы, педагог-модератор Секенова А.М., «Өзін-өзі тану сабақтарында оқытудың интербелсенді әдістерінің тиімділігі» тақырыбында өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы п.ғ.м. Нурланова А.К. ұсынымдары вебинардың әдістемелік мазмұнын арттырды.
Әдістемелік ашық алаңдағы үшінші күні оқытушылардың шебер-сынып сабақтары таныстырылды. Информатика пәнінен жоғары біліктілік санатты тренер-оқытушы ж.ғ.м. Мавлитаева Г.А. «Қашықтықтан оқыту жағдайында білім платформаларын пайдалану», бірінші біліктілік санатты оқытушы, магистрант Мусаев Қ.Г. «3D панорама және виртуалды тур» , жоғары біліктілік санатты тренер-оқытушы ж.ғ.м. Сентаева А.Б. «Қашықтықтан оқыту жағдайында Camtasia Studio-да жұмыс жасау тиімділігі», педагогика пәнінің бірінші біліктілік санатты оқытушысы, п.ғ.м. Жунусова Л.Б. «Ізгілік педагогикасы – білім сапасын арттыру құралы ретінде» тақырыптарын оқыту тәжірибелерімен бөлісті.
Бітіруші курс студенттерінің ғылыми ізденіс бағытындағы үздік курстық жұмыстары мен ғылыми жобалары да таныстырылды. 010500 «Бастауыш білім беру» мамандығының студенті Қайранбаева Арайдың қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінен «Қазақ тілі пәнін оқытуда оқушының коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру» тақырыбындағы Мусина К.С. жетекшілігімен жазған курстық жұмысы вебинарға қатысушылар тарапынан жақсы бағаланып, болашақ маман ретінде кәсіби қалыптасқандығы аталып өтті. Шет тілі әдістемесінен 0111000 «Негізгі орта білім беру» мамандығы студенті А. Ельчубаевтың да «Increasing the cognitive activity of students through the use of multimedia information technology» тақырыбындағы курстық жұмысы өте жақсы таныстырылды.
Бірінші курс студенттерін ғылыми жұмыс жазуға бағыттау мақсатында ұйымдастырылған колледжішілік «Zerde» интеллектуалды турнирінің жеңімпаздары Таңатқан А. (0103000 «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы) «Семей өңірінде гимнастиканың даму тарихы», Есенжол З. (0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы, информатика пәнінен) «Image Composite editor және Color Panotour Pro бағдарламалары арқылы 3d панорама мен виртуалды тур құру» тақырыптарындағы алғашқы ғылыми жобаларын таныстырып, мамандық иесі болу ізденіс пен жетістіктерден басталатынын көрсетті.
Аймақтағы жалпы орта білім беретін мектептермен әлеуметтік-әріптестік байланыс алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады. Колледждің педагогикалық ұжымы ұлттық құндылықтар негізінде заманауи білім беру мен бәсекеге төтеп бере алатын кәсіби құзыретті маман даярлау ісін қашықтықтан оқыту жағдайында да сапалы жүргізіп отыр.