Бүгін, 26.05.2021, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде жыл сайынғы дәстүрлі «Түлектер жәрмеңкесі-2021» өтті. Жәрмеңкенің мақсаты- ағымдағы жылдың түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және түлек пен жұмыс беруші арасындағы өзара әрекеттесуді оңтайландыру. Болашақ жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік беретін іс-шара биыл ерекше форматта, карантинге байланысты, қашықтықтан “Zoom”платформасында өткізілді. Жәрмеңкеге барлық қала және аудан, ауылдық мектеп өкілдері шақырылып, қатысты.
Коледж директоры ф.ғ.к. Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы түлектердің мамандығы мен біліктілігі туралы ақпарат берді.
Әр бөлім әдіскерлері мен бітіруші түлек мектеп өкілдеріне өздерінің жаһандану заманындағы ұлттық бәсекеге қабілетті, теорияны практикамен ұштастыра отырып даярланған түлек екендіктерін көрсетті.
Әлеуетті жұмыс берушілерге түлектер түйіндемелері жіберілді. Мектеп өкілдері түйіндемелермен танысып, жеке студенттерге сұрақтар қойды. Жәрмеңке барысында студенттерді біліктілік тест, болашақ кәсіптік іс-әрекеті, еңбек төлемақысы, ауылдағы жас мамандардың тұрмыстық жағдайы және «Дипломмен ауылға» Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы сынды мәселелер қызықтырды.
Түлектерімізге ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Қасиетті қара шаңырақтан алған білімдеріңіз өмірлеріңізге мәңгі шұғыласын шашсын демекпіз!