Тәрбиелік жұмысХабарландырулар

1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауымен бекітілген бұл күнді әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күні ретінде атап өтеді. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни, әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.

Атаулы мерекеге орай, оқу орнымызда ұлттық дүниетанымдағы отбасы құндылықтарын жастар арасында насихаттау, отбасы мүшелерінің құқықтарын Заң тұрғысынан айқындап көрсету, заманауи бақытты отбасы болуға тәрбиелеу мақсатында 35 топ студенттерінің «Отбасы – тәрбие бастауы» атты ашық тәрбие сағаты өтті.

Болашақ тәрбиешілер Семей қалалық АХАЖ бөлімімен, неке сарайымен, көп балалы отбасылармен, балабақшалармен байланыс орнатып, тақырыпты түрлі формалар, әдіс-тәсілдер, білімдері мен өнерлері арқылы көрермендерге сәтті жеткізе білді.

Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Әрбір шаңырақтағы береке – түптеп келгенде, тәуелсіз елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Отбасы – бақыт пен шаттықтың, берекелі бірліктің алтын қазығы. Баршаңызға отбасы күні мерекесі құтты болсын! Халқымызға бейбітшілік пен тыныштық, шаңырақтарыңызға бақыт, табыс тілейміз!